«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағандыда бақылау және қадағалау органдарының Бірыңғай есеп беру күні өтті

2025 жылғы 25 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
202 просмотров

25 қыркүйекте Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың төрағалығымен бизнес-қауымдастық алдында бақылау және қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні өтті.

Кездесу барысында салық органдары, еңбек инспекциясы, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, ТЖ департаменті, көлікті бақылау инспекциясы, сәулет-құрылыс бақылауы және медициналық қадағалау өкілдері баяндама жасады. Ұсынылған деректер тексерулерге, айыппұлдарға және бұзушылықтарға қатысты болды. Мәселен, Мемлекеттік кірістер департаменті сомасы 800 млрд теңгеден асатын 19 мыңға жуық хабарлама жасалғанын хабарласа, еңбек инспекциясы жалақыны төлемеу және келісімшарттардың болмауы жөнінде өтініштердің өскенін көрсетті, ал өрт сөндірушілер мен санитар дәрігерлер қауіпсіздік талаптарын бұзудың жүздеген фактісін анықтады. Көлікті бақылау органдары жүздеген миллион теңге айыппұлдар туралы мәлімдеді, алмедициналық-фармацевтикалық қадағалау дәрілік заттарды айналымға енгізудегі заңбұзушылықтарды атады.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов бірқатар баяндаманы сынға алып, олардың тек сандарды тізумен шектелгенін және бизнес тарапынан жиі кездесетін бұзушылықтарды жоюға қатысты талдау мен ұсыныстар болмағанын атап өтті.

«Бізге тек статистиканы емес, проблемалардың алдын алу бойынша нақты қадамдарды көру маңызды. Әр тексеру формальділік үшін емес, алдын алу сипатына ие болуға тиіс», – деді Ермек Амантайұлы.

Өз кезегінде Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов барлық тексерулердің төрттен бірі салық органдарына тиесілі екенін, одан кейін еңбек инспекциясы, ТЖ департаменті және санитарлық қызмет келетінін айтты. Ол заңсыз тексерулердің бұрын-соңды болмаған көлеміне де назар аударды – өткен жылғы 5 жағдай тіркелсе, биыл 122 тексеру жүргізілген. Ернар Дауылұлы кәсіпкерлерге шамадан тыс қысымды азайтудың маңызды құралы тексерулер тәжірибесін реттеуге мүмкіндік беретін Міндетті талаптар тізілімі болуы керектігін еске салды.

Кездесу «ашық микрофон» форматында аяқталды. Кәсіпкерлер білім беру орталықтары мен балабақшаларды лицензиялау, арнайы салықтық режимдерді қолдану, мемлекеттік сатып алулар, тарифтер және қаржыландыруға қол жеткізу мәселелерін көтерді. Бұл ұсыныстар Бірыңғай есеп беру күні хаттамасына енгізіліп, әрі қарай қаралатын болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174