«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Су саласына кадрлар даярлау: Өскеменде қысқа мерзімді курстарға басымдық берілуде

2025 жылғы 03 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
731 просмотров

Шығыс Қазақстан облысында су саласындағы кәсіпорындар білікті мамандардың тапшылығына тап болуда. Бұл мәселе ШҚО Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде талқыланды.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Әсет Адылаханның айтуынша, кадр тапшылығы кешенді сипатқа ие. Қазіргі уақытта да, болашақта да (кәсіпорындардың дамуын ескере отырып) мамандарға сұраныс бар.

«Егер болашақтағы қажеттілікке дуалды оқыту және мамандар даярлау жүйесі арқылы дайындалуға болатын болса, қазіргі бос жұмыс орындарын қысқа мерзімді курстардың көмегімен жабуға болады», – деп атап өтті ол.

Бұл мәселені шешу үшін Өскемен қаласында мамандандырылған оқу орталықтары жұмыс істеуде. Солардың бірі – «Шығыс фарватер» оқу орталығы. Мұнда кәсіпорындардың сұранысы бойынша машинист, моторист және рульшілер дайындалады. Мұндай формат жұмыс берушілерге өздерінің нақты қажеттіліктеріне сай мамандарды алуға мүмкіндік береді және мемлекеттік қолдау шаралары арқылы жүзеге асырылады.

Кәсіпорын өкілдері де өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Бүгінгі таңда бізге қажетті мамандықтар бойынша кадр табу өте қиын. Әсіресе моторист пен рульшілерге деген сұраныс өте жоғары. Бізге кадрлар жұмысымыздың нақты ерекшеліктеріне сай даярланғаны қажет», – деді өңірдегі бір кеме қатынасы компаниясының өкілі.

Өз кезегінде оқу орталықтары бизнес сұранысына бейімделуге дайын екендерін жеткізді.

«Біз оқу бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірлесе отырып әзірлейміз. Адам біздің курсқа келгенде, екі-үш айдан кейін нақты кәсіпорында жұмысқа орналасатынын түсінуі маңызды. Осы мақсатта біз практикалық бағыттағы тәсілді қолданамыз – түлектер бірден жұмысқа кірісуге дайын болуы тиіс», – деді «Шығыс фарватер» оқу орталығының басшысы Сергей Мирошниченко.

Кәсіпорын басшыларына кадр даярлау бойынша Мансап орталығымен жұмыс істеу мүмкіндіктері және кадр тапшылығын қысқа мерзімде жоюға көмектесетін әлеуметтік келісімшарттар жасау тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Кездесу барысында мамандықтар сыныптаушысына да ерекше назар аударылды. Қатысушылардың айтуынша, мамандықтардың атауы кәсіпорындардың штаттық бірліктеріне сәйкес келуі керек. Бұл мамандарды даярлау мен жұмысқа орналастыру процесін жеңілдетеді.

Осылайша, бизнес, оқу орталықтары және мемлекеттік қолдау құралдарының бірлескен жұмысы өңірдегі су саласының кадр мәселесін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174