«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Балқашта туристік маусым қорытындылары мен бизнесті қолдау шаралары талқыланды

2025 жылғы 15 Қазан
- Қарағанды облысы
249 просмотров

Балқаш қаласы әкімдігінде мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен кәсіпкерлікті қолдау институттарының қатысуымен туристік маусымның қорытындысы бойынша кеңес өтті.

Қарағанды облысы туризм басқармасының мәліметінше, 2025 жылы Балқашқа шамамен 300 мың турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға көп. Тек шілденің алғашқы күндерінде қала мен жағалауға 60 мыңнан астам адам келген. Туристер легінің өсуі бизнестің дамуына серпін бергенімен, инфрақұрылымды жақсарту және қызмет сапасын арттыру міндеттерін де айқындады.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская демалыс орындарын белгіленген талаптарға сәйкестендіру және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында өңірде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Санитарлық және өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша тиісті ведомстволардың өкілдері баяндама жасады, ал туробъектілердің заңдылығы мен салық тәртібі мәселелерін мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары түсіндірді.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ерлан Қалиев Палатаның бизнеске кеңес беру және өзекті мәселелерді шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

«Туризм – басым бағыттардың бірі. Біз кәсіпкерлер өз мәселелері мен ұсыныстарын тікелей жеткізе алатындай етіп қалалар мен аудандарға тұрақты түрде барып тұрамыз», – деді ол.

Осындай кездесулер бұған дейін Теміртауда және Приозерск қаласында өтті. Алдағы уақытта мұндай диалог алаңдары Қарағанды облысының бірқатар қаласы мен ауданында ұйымдастырылмақ.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174