«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ҚТӨ Тізілімі: мемлекет пен бизнес жаңа тетікті пысықтауда

2025 жылғы 29 Қазан
803 просмотров

Ұлттық палата қазақстандық тауар өндірушілердің Тізілімін іске қосу бойынша салалық ұсыныстар мен идеяларды біріктіруді бастады. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Төралқасының Өңдеу өнеркәсібі комитеті мен Машина жасау және металл өңдеу комитетінің бірлескен отырысында айтылды. Жиынға мемлекеттік органдар мен елдің барлық өңірінен келген 300-ден астам бизнес өкілдері, қауымдастықтар мен салалық кеңестер қатысты.

Отырыста талқыланған басты тақырып – 2026 жылдың қаңтарынан бастап қолданыстағы «СТ-KZ» тауардың шығу тегі сертификаты мен Индустриялық сертификаттардың орнын басатын жаңа Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін (ҚТӨ Тізілімін) енгізу мәселесі.

Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Қанат Ибраев өзінің кіріспе сөзінде бұл отырыстың түрлі алаңдарда, соның ішінде «Ақ жол», Халық партиясы және «Республика» партиясы фракцияларымен өткізілген дөңгелек үстелдердің нәтижесі екенін атап өтті. «Саяси күштермен жұмыс алдымен мемлекет пен бизнестің мүдделер теңгерімін қамтамасыз ететін шешімдерді әзірлеуге бағытталған», – деді ол.

ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Алмат Асқардың айтуынша, өңірлерде салалық кеңестер өткізіліп, онда Тізілімді енгізу бойынша тәуекелдер мен ұсыныстар тізімі жиналады. Барлық материалдар жинақталып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жолданады.

Бизнес ұсынған ҚТӨ Тізіліміне қатысты ұсыныстар

Казақстандық тауар өндірушілердің Тізілімін міндетті енгізуге үш айдан аз уақыт қалды, алайда реформаның негізгі элементтері әлі де дайын емес.
Бизнес жаңа жүйенің дайындығы туралы ақпараттың болмауына алаңдаулы. Тізілімге көшу 2026 жылдың 1 қаңтарына жоспарланғанымен, сынақ процесі әлі толық іске қосылған жоқ. Бұл отандық өндірушілердің (ОТӨ) мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысуына қиындықтар тудырады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша, жүйе 2025 жылдың 30 қарашасына дейін іске қосылуға тиіс. Тамыз айынан бері жүргізіліп келе жатқан тестілеу 100-ден астам қателікті анықтады.

Жиында қазіргі сертификаттардың жарамдылық мерзіміне қатысты сұрақ та көтерілді. Кейбір компаниялардың сертификаттары қарашаға дейін аяқталады. «Бұл Тізілімнің іске қосылу күніне байланысты: не қайтадан Индустриялық сертификат алу керек, не қарашада жүйенің іске қосылуын күту қажет», – деп түсіндірді Тауардың шығу тегін сертификаттау департаментінің директоры Айнұр Күзембаева.

Отырысқа қатысушылар Тізілімді іске қосу кәсіпорындарға, әсіресе ұзақмерзімді келісімшарттар бойынша жұмыс істейтін коммпаниялар үшін сатып алулар мен экспортқа қатысты қандай да бір тәуекелдер туындатпауы қажеттігін алға тартты. Бұл ретте қолданыстағы сертификат иелерін алғашқы кезеңде автоматты түрде Тізілімге қосу, әрі қарай цифрлық верификациядан өткізу ұсынылды. Бұл базаны толтыруға және жүйе жұмысын өндіріске зиян келтірмей тексеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жиында цифрлық верификация критерийлерінің ашықтығы мәселелсі де талқыланды. Министрлік мәліметтеріне сәйкес, бекітілген Ережелерде тек 26 көрсеткіш бар болғанымен, қазір шамамен 100 критерий қолданылып жүр. Бизнес жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында критерийлердің толық тізімімен танысуды етуде.

Отырыста салалық комиссиялардың құрамы мен жұмысына да назар аударылды.

«Комиссия құрамына Ұлттық палатаның өкілдерін қосу қажет. Тиімдісі – мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардан 4 өкілден болғаны. ҰКП-ның қатысуы маңызды, себебі Палата – бизнес мүддесін біріктіретін және объективті әрі жедел баға беру үшін қажетті құзыреті мен аумақтық қамтылуы бар жалғыз ғана ұйым», – деп атап өтті ӨӨК төрағасы Қанат Ибраев.

Сондай-ақ, комиссия жұмысындағы кадрлық және мерзімдік мүмкіндіктер мәселесі де қозғалды. Министрліктің аймақтық бөлімшелерінің жоқтығы мемлекеттік органның ел бойынша өткізілетін отырыстарға қатысуына қиындық туғызып отыр. Осындай мәселе басқа ведомстволарда да бар – мамандар нысандарға барып, тексеру жүргізуге мүмкіндіктері бола бермейді, бұл өз кезегінде өндірушілерді Тізілімге енгізуді кешіктіруге әкелуі мүмкін. Бүгінде 1800 кәсіпорынның қолданыстағы Индустриялық сертификаты бар.

Елішілік құндылық үлесін (ЕҚҮ) есептеуге қатысты жиынға қатысушылар өндірушілер мен тауарларды санаттарға бөле отырып, жаңа әдістеме құру қажеттігін айтты. Олардың пікірінше, бұл жергілікті шикізатты қолдануға ынталандырып, терең өңдеуді дамытуға мүмкіндік береді.  

Бұған қоса өндірістік шарттарды қалыптастыру әдістемесін бекітудің маңыздылығы атап өтілді. Қатысушылардың айтуынша, бағалау толық әрі объективті болуы үшін кәсіпорындардың технологиялық ерекшеліктері ескерілуі қажет.

Кәсіпорындардағы бейнебақылау мен мемлекеттік органдардың оған қашықтан қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптары бизнес тарапынан алаңдаушылық туғызды. Кәсіпкерлер коммерциялық құпия мен деректердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін нақты стандарттар қажет екенін айтты.

«Құпия технологиялық процестерге байланысты видеоға түсіруге тыйым салынатын жағдайлар да болады», – деді кәсіпкерлер.

Субъективтілікті және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында тексеру жүргізудің нақты негіздерін белгілеу маңызды. Бүгінде ұсынылған деректер бойынша бағалау жүргізу мүмкін болмағандықтан, нысандарға тексеру тағайындалады, бұл түрлі пайымдар жасауға мүмкіндік туғызады.

Сонымен қатар, өнімі толығымен Қазақстанда өндірілетін өндірушілерді ҚТӨ Тізіліміне енгізудің айқын тәртібін әзіреу ұсынылды. Бұл үшін ӨҚМ, салалық және жергілікті атқарушы органдар арасында үйлестірілген жұмыс жүргізу қажет. Қазір АШМ-да шағын және маусымдық өндірушілер туралы толық деректер жоқ, бұл объективті бағалауға қиындық туғызып отыр.

Қазақстанның ЕАЭО шеңберіндегі халықаралық міндеттеріне де ерекше назар аударылды. 2026 жылдан бастап «СТ-KZ» сертификатының күшін жою экспорттау кезінде өндірушілерге тауардың шығу тегін растау мүмкіндігінен айырады. Осыған байланысты Ұлттық палата экспорттық мақсаттарда бұл сертификатты беру тетігін сақтап қалуды ұсынды. ЕАЭО сатып алуларына қатысу үшін Палатаға Еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізіліміне енгізу бойынша сараптама жүргізу құқығын беру ұсынылды.

Қазақстанның ЕАЭО аясындағы халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, заңнамалық нормаларды қайта қарау ұсынылады. Бұл отандық кәсіпорындардың экспорттық позицияларын және олардың Одақ нарықтарына қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік береді.

Отырыстың қорытындысы бойынша Ұлттық палата Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бизнесті тарта отырып, ҚТӨ Тізілімін кезең-кезеңімен және ауыртпалықсыз енгізуді қамтамасыз етуді, Тізілімді жүргізудің қолданыстағы Ережелерін қайта қарауды, сондай-ақ жауапты органдар мен орындау мерзімдері көрсетілген жүйені іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді ұсынды.

Өз кезегінде, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері ҚТӨ Тізілімін іске асыру мәселелері бойынша бірлескен шешімдер әзірлеу мақсатында мемлекеттік органдармен сындарлы өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдірді.

«Тізілімді адал әрі локализацияланған өндірісті қолдау құралына айналдыру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бүл іскеі бизнесті белсенді қатыстыру қажет, бұл шығындарды болдырмауға, өтпелі кезеңнің ауыртпалықсыз өтуіне және жүйенің тиімді болуына мүмкіндік береді», – деп атап өтті отырыс төрағасы Қанат Ибраев.

Жаңа тетіктің іске қосылуы туралы жарияланған сәттен бастап «Атамекен» ҰКП ҚТӨ Тізіліміне қатысты барлық мәселені түсіндіру және талқылау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бизнестің қатысуымен консультациялар өткізіліп, бірыңғай ұстаным қалыптастырылуда. Жаңа заң аясында мемлекеттік органдардың 60-тан астам бұйрығына енгізілген өзгерістер егжей-тегжейлі зерттелді. Қазір Палата командасы министрліктермен, салалық қауымдастықтармен және өндірушілермен тығыз жұмысын жалғастырып, Тізілімді енгізудің өзекті мәселелерін талқылауда.

Өндірушілерді санаттарға бөлу және елішілік құндылық үлесін (ЕҚҮ) есептеу әдістемесін қайта қарау мәселелері бойынша «Атамекен» ҰКП Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, Сауда және интеграция министрлігіне, Үкімет Аппаратына және Премьер-Министрдің орынбасары С.М. Жұманғаринге бірқатар ресми хат жолдады.

Тізілімді іске қосу кезінде ақаулардың және кәсіпорындар жұмысының тұралап қалуының алдын алу мақсатында Палата сондай-ақ Премьер-Министр О.А. Бектеновке, Бірінші вице-премьер Р.В. Склярға және Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі О.С. Сапарбековке ресми өтініштер жіберді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174