«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталовтың Кәсіпкерлер күнімен құттықтауы

2025 жылғы 29 Қазан
777 просмотров

Құрметті кәсіпкерлер қауымы, серіктестер!

Бүгін – елімізде Кәсіпкерлер күні алғаш рет аталып отыр. Бұл мереке – өз ісін ашып, ел дамуына үлес қосып жүрген әрбір кәсіпкердің қажырлы еңбегін мойындап, олардың табандылығы мен жауапкершілігін бағалау күні. Баршаңызды осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл біз үшін айтулы жыл – Кәсіпкерлік кодексіне 10 жыл толды. Бұл құжат еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту мен қорғаудың құқықтық негізін бекітіп, бизнесті реттеудің жаңа кезеңін бастаған маңызды тарихи белес. Осы жылдар ішінде Қазақстанда кәсіпкерлік мәдениеті қалыптасып, шағын және орта бизнес экономиканың өзегіне айналды.

Соңғы жылдары Қазақстанның кәсіпкерлік цифрлық экожүйесінде айтарлықтай өзгерістер болды. Бизнес ортасы жаңарып, жаңа технологиялар мен цифрландыру үдерісі іскерлік белсенділікті күшейтіп, кәсіпкерлерге бұрын болмаған мүмкіндіктер ашты. Көптеген компаниялар цифрлық шешімдерді енгізу арқылы өнімділікті арттырып, тиімділікті өсіріп, жаңа нарықтарға жол салуда.

Осы процестермен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да трансформация жолына түсті. Біз бизнеске қызмет көрсетудің жаңа цифрлық сервистік моделін қалыптастырып жатырмыз.

Қадірлі достар!

Кәсіпкерлік – жай ғана мамандық емес, ол батылдықты, табандылықты және тәуекелшіл болуды қажет ететін ерекше жол. Бизнесмен болу – демек жасампаз болу, күн сайын шешім қабылдап, жұмыс орындарын ашу, адамдардың өмір сапасын жақсартуға әрекет етіп, ел экономикасын дамытуға атсалысу деген сөз.

Бұл – күрделі еңбек, бірақ сонымен қатар абыройлы да беделді миссия.

Мен еліміздің күнтізбесінде осындай айтулы күннің пайда болғанына шын жүректен қуаныштымын! Қазақстанның іскер қауымы еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін жоғары деңгейде мойындалуға әбден лайық.

Сіздердің еңбектеріңіз – ел экономикасының тірегі, қоғамның тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатының кепілі. Біз бар күш-жігерімізді біріктіре отырып, Қазақстанда кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап, әр азаматқа өз ісін бастау мен дамытуға мүмкіндік беретін орта қалыптастырып келеміз.

Бүгінгі Кәсіпкерлер күні – Сіздердің еңбектеріңіздің, жаңашылдығыңыздың және елге деген сүйіспеншілігіңіздің мерекесі.

Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс, жаңа жетістіктер мен ірі жеңістер тілеймін! Кәсіпкерлер күні құтты болсын!

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174