«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО-да жаңа жылдық ертеңгіліктер өрт қауіпсіздігі бойынша ерекше бақылауда

2025 жылғы 03 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
75 просмотров

Жаңа жыл мерекелері - балабақшалар мен мектептерде көпшілік қатысатын ертеңгіліктердің, қойылымдардың және мерекелік кештердің уақыты. Осыған байланысты ШҚО Кәсіпкерлер палатасында білім беру нысандарының басшылары мен жауапты тұлғаларына жаңа жылдық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

«Білім беру ұйымдарының көпшілігі адамдар көп жиналатын нысандар санатына жатады. Балалар мен ересектер көп шоғырланған жағдайда өрт қауіпсіздігі ережелерінің кез келген бұзылуы ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда өртке қарсы қорғаныс мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажет», - деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасында.

Өскемен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері мекеме басшылығына ертеңгіліктер мен мерекелік кештер басталар алдында үй-жайлардың, эвакуациялық жолдар мен шығу есіктерінің жай-күйін, сондай-ақ өрт сөндіру құралдарының, байланыс пен автоматты өрт дабылының бар-жоғын және жарамдылығын мұқият тексеру қажеттігін хабарлады.

«Балалардың қатысуымен өтетін іс-шаралар кезінде ғимаратта міндетті түрде кезекшілер, тәрбиешілер және өрт қауіпсіздігі шаралары мен төтенше жағдай туындаған кезде әрекет ету тәртібі бойынша міндетті нұсқамадан өткен басқа да жауапты қызметкерлер тұрақты түрде болуы тиіс»,- деп мәлімдеді ТЖБ.

Эвакуацияны ұйымдастыруға ерекше назар аудару қажет. Жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін қабаттар мен үй-жайларда кемінде екі бөлек эвакуациялық шығу жолы болуы тиіс. Сондай-ақ, тек екінші қабаттан жоғары емес орналасқан үй-жайларды пайдалануға рұқсат етіледі.

Жаңа жылдық шыршаны орнату және безендіруге де жеке талаптар қойылады. Шырша берік негізге орнатылып, еркін эвакуацияға кедергі келтірмейтіндей етіп орналастырылуы тиіс. Жарықтандыруды қосу электр қондырғыларын пайдалану ережелерін сақтай отырып ғана жүзеге асырылуы қажет.

Шыршаны безендіру үшін тез тұтанатын материалдарды пайдалануға, шамдарды, бенгал оттарын, отшашуларды және басқа да өрт қаупі жоғары бұйымдарды қолдануға, сондай-ақ бұтақтарды оттан қорғайтын құраммен өңделмеген мақтамен безендіруге тыйым салынады.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шаралар өткізілетін үй-жайларда эвакуациялық шығу жолдарын жабық ұстауға және терезелерге тор орнатуға, отпен, сырлау және басқа да өрт немесе жарылыс қаупі бар жұмыстарды жүргізуге, өрт қаупі бар жарық әсерлерін қолдануға, сондай-ақ белгіленген нормадан артық адам жинауға жол берілмейді.

Осы қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар талаптарды сақтау жаңа жылдық іс-шараларды қауіпсіз әрі төтенше оқиғаларсыз өткізуге мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174