«Бизнес және салықтар» жобасы: ШҚО Кәсіпкерлер палатасында ҚҚС бойынша негізгі өзгерістер талқыланды
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы «Бизнес және салықтар» жобасын іске асыруды жалғастыруда. Кезекті кездесу бизнес үшін ең өзекті тақырыптардың бірі - қосылған құн салығына және салық заңнамасындағы алдағы өзгерістерге арналды.
Іс-шара барысында ШҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері ҚҚС төлеушілер кімдер екенін, тіркеу есебінің нысандарын (ерікті, міндетті және шартты), мөлшерлемелердегі өзгерістерді, ҚҚС-ты есепке жатқызу және қайтару тәртібін, сондай-ақ электрондық шот-фактураларды әкімшілендіру мен бақылаудың жаңа тетіктерін жан-жақты түсіндірді.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Жангирханова мұндай кездесулердің бизнес үшін практикалық маңызын атап өтті.
«Бизнес және салықтар» жобасы - бұл ең алдымен диалог. ҚҚС бойынша өзгерістер кәсіпкерліктің барлық дерлік салаларын қамтып отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан біздің міндетіміз – жаңа талаптарды кәсіпкерлерге алдын ала және түсінікті тілде жеткізіп, тәуекелдер мен айыппұлдарсыз қаржылық және салықтық стратегияны дұрыс құруға көмектесу», - деді ол.
Кездесудің жеке бір бөлігі ҚҚС қайтару мәселелеріне арналды. ШҚО МКД Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Асхат Жибитаев барлық санаттағы салық төлеушілер үшін ҚҚС-ты жеңілдетілген тәртіппен қайтару мүмкіндігі кеңейтілетінін хабарлады. Бұл ретте айналымның кемінде 50 пайызы нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынуы, орындалмаған хабарламалардың болмауы және соңғы 12 айда тексеру нәтижелерімен расталған ҚҚС асып кету сомасының болуы шарт.
«Жалпыға бірдей белгіленген тәртіп бойынша ҚҚС қайтару мерзімі 55 жұмыс күніне дейін қысқарады, ал салық есептілігін тапсыруды кейінге қалдырудың алынып тасталуын ескерсек, бұл мерзім қосымша тағы бір айға қысқарады. Құрылыс саласы үшін пайдалануға беруін күтпей-ақ, құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалғаны туралы актіге қол қойылған кезең үшін 55 жұмыс күні ішінде жеделдетілген ҚҚС қайтару көзделген. Сонымен қатар, бюджет заңнамасында көзделген бақылау шотында қаражат жеткіліксіз болған жағдайда ҚҚС-ты уақтылы қайтармау сомасына өсімпұл есептелмейді», - деп түсіндірді Асхат Жибитаев.
Кездесуде салық жүктемесінің өзгеруі жағдайындағы қаржылық менеджмент мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бұл тақырыпта ШҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, қоғам қайраткері Елена Березинская-Абилова өз пікірін білдірді.
«Бүгінгі таңда бизнестің бәсекеге қабілеттілігі тікелей сауатты қаржылық басқаруға байланысты. Кәсіпкер үшін салық нормаларын білу ғана емес, айналымдарды дұрыс жоспарлау, ҚҚС мөлшерлемелеріндегі болашақ өзгерістерді ескеру және ашық есеп жүргізу маңызды. Бұл компанияның тұрақтылығын сақтап, реформалар жағдайында да сенімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді ол.
«Бизнес және салықтар» жобасы Шығыс Қазақстан кәсіпкерлері үшін маңызды ақпараттық алаң болып қала береді. Жоба бизнеске заңнамадағы өзгерістерге уақытылы бейімделуге, қаржылық сауаттылықты арттыруға және нарықтағы өз ұстанымын нығайтуға көмектеседі.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: