«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ТҮРКІСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕРДІҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

2026 жылғы 27 Қаңтар
- Түркістан облысы
119 просмотров

Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» кешенінде Қазақстан Республикасында қоғамдық кеңестердің құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті. Мерейтойлық жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, қоғамдық кеңес мүшелері мен сала ардагерлерін айтулы датамен құттықтады.

Іс-шара барысында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышиев, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Алмас Салимов және облыстың Құрметті азаматы Шәріпбек Жамалбеков құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдық кеңестердің ел дамуындағы рөліне тоқталды.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, облыс өнерпаздары халық әндері мен отандық және шетелдік композиторлардың танымал шығармаларын орындады.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 18 қоғамдық кеңес тұрақты әрі нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Тек 2025 жылдың өзінде барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестерде 226 отырыс пен 107 қоғамдық тыңдау өткізіліп, маңызды шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, 270 мемлекеттік орган басшыларының есептері тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша 258 қоғамдық мониторинг жүргізілген.

Мерейтой аясында бірқатар азаматтар марапатталды. Түркістан облысы әкімінің грамотасымен Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Асылан Ибадуллаев марапатталды.

Марапатқа ие болған Асылан Ибадуллаев бұл жетістікті бірлескен еңбектің нәтижесі ретінде бағалады.

«Бұл марапатты Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде атқарылып жатқан ортақ жұмыстың, сенім мен жауапкершіліктің бағалануы деп қабылдаймын. Осы жылдар ішінде қоғамдық кеңестер мемлекет пен халық арасындағы ашық диалогтың маңызды алаңына, қоғамдық бақылаудың тиімді тетігіне айналды. Біз өңір тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысып келеміз. Бұл — үлкен жауапкершілік әрі абыройлы міндет. Осы орайда облыс басшылығына көрсеткен сенімі үшін, қоғамдық кеңес құрамындағы әріптестеріме ортақ мақсат жолындағы табанды еңбектері үшін алғысымды білдіремін», — деді ол.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174