«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әлия Мұқашева: «Заман басқа болғандықтан, проблемалар да басқа»

2016 жылғы 06 Маусым
- Шығыс Қазақстан облысы
13325 просмотров

Мақсаты айқын, күш-жігерге толы, белсенді өмірлік көзқарасы бар ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Көкпекті ауданы бойынша директоры және аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Әлия Мұқашева ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнестің алдынан шығатын қиындықтар туралы хабардар. Ол, сонымен бірге, облыс басшылығының, өзге құзырлы құрылымдардың, жоғары биліктің қолдауымен көптеген проблемалардың шешімін таба білді. Тек қана былтыр жыл бойы Көкпекті аудандық филиалына кәсіпкерлерден 102 шағым келіп түсіп, олардың 98-і өз шешімін тапқан. Әлия Мұқашева өз кәсіби жолы, аудандағы кәсіпкерліктің даму проблемалары мен оларды шешу әдістері туралы айтып берді.

– Қоғамдық іске араласпас бұрын, немен айналыстыңыз?

 Кеңес үкіметі кезінде 14 жыл бойы Көкпекті ауылындағы ҰОС ардагерлеріне арналған «Ардагер» дүкенінде сатушы және меңгеруші қызметтерін атқарып келдім. Біздің дүкенде 340 майдангерге көмек көрсетілетін. Мен бұл адамдармен өте көп араластым, олардың ерік-жігеріне, жауапкершілігіне таң қалатынмын, олардан көп нәрсе үйренуге тырыстым. Майдангерлерден бүкіл өміріме азық болардай тәлім алдым. Кейіннен, дүкен жабылып қалған соң, тағы бір жыл кітап дүкенінде жұмыс жасадым. Кейін ол да жабылып, жұмыссыз қалдық. Бұл 1990 жылдардың басы болатын. Содан, 1996 жылы «Казахстанская правда» газетінен мемлекеттің кәсіпкерлерді қолдап, бос тұрған ғимаратты береді дегенді оқып, қызығушылық танытқанымыз есімде. Отбасымызбен ақылдасып, іс бастауға шештік. Шағын шаруа қожалығын ашып, тауық, қаз, шошқа асырадық. Маған сүт асханасынан қалған, жартылай қирап тұрған ғимарат бұйырды. Оны қалпына келтіру үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша 700 мың теңгелік алғашқы несиемді алдым. Ғимаратқа жөндеу жүргізіп, дәмхана және ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік дүкенін аштым. Несиемді төлеп бітірдім. 1997 жылдың ақпанынан Палата филиалының директоры болып тағайындалған 2014 жылдың ақпан айына дейін жеке кәсіпкер болдым.

– 20 жыл бұрын бизнесмендерге қазірден гөрі қиындау болды ма?

– Заман басқа болғандықтан, ондағы проблемалар да басқа болмақ. Ол кезде кәсіпкерлерге қаржылай көмек көрсететін мемлекеттік бағдарламалар, кепілдік мүлік болмады, жылына 20-21%-бен несие беретін екінші деңгейлі банктерге ғана иек артатынбыз. Тұрғындардың сатып алу қабілеті нөлге тең болған. Дүкенде біз тауарларды қарызға беретінбіз, осылайша ақырындап жұмыс жасап келдік. Ол кездері әркім өз проблемасымен өзі болатын, биліктегілерге сөзіміз өтпейтін, құны арзан тұрмайтын адвокаттар көмегіне жүгінуге тура келетін. Бизнеске саяси партиялардан көмек жоқ болатын.

2007 жылы мен өз еркіммен Көкпекті ауданы кәсіпкерлерінің құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестік құрдым. Біздің жұмыстың тиімділігі аз болғанын мойындаймын. Кәсіпкерлер палатасы проблемаларды шешуде анағұрлым нәтижелі жұмыс жасайды, десек те бизнесмендер проблемасы, әсіресе ауылдарда, бұрынғыдай, өте көп. Олардың бірі – несиелерге қолжетімсіздік. Банктер не ауылдағы мүлікті кепілге алмайды, не 0,3 коэффициентін қолданады. Яғни, мүлік өте арзанға бағаланады. Бизнеске арналған көптеген мемлекеттік несиелеу бағдарламалардың бары көңіл қуантады, дегенмен мұнда да қиындықтар жоқ емес. Таяуда мен Мәжіліс депутаты Ирина Унжаковаға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие алған кәсіпкерлер атынан зат жаздым. Бұл бағдарлама бойынша «Ертіс» ӘКК-нан аз қамтылған, өзін-өзі жұмыспен қамтушы тұрғындар несие бірлестіктері (НБ) арқылы шарт және төлем кестесі негізінде несие алған. Шын мәнінде, бұл бірлестіктер ӘКК мен ақырғы қарыз алушы кәсіпкерлер арасындағы қажетсіз делдал болып отыр. «Ертіс» және НБ арасындағы шарттық қатынастар ашық емес. Ақырғы қарыз алушылардың ақшасы несие бойынша негізгі қарызды өтеуге емес, «Ертіс» ӘКК несиелік бірлестіктерге төлейтін өсімпұлын өтеуге кетіп жатыр. Бұл тізбектен НБ алып тастап, келісімдерді тікелей «Ертіс» және ақырғы қарыз алушылар арасында, кепілдемесіз жасауды сұрап отырмыз. Несиені қайтару мерзімін екі жылға дейін ұзартуды сұраймыз. Қазір бұл мерзім 6 айға тең, бірақ бұл уақыт аралығында ұсақ кәсіпкер «айналымға» шыға алмайды. Мәселен, ол «БЖК-2020» бойынша сиыр өсіру үшін қарыз алды делік. Олар өсіп үлгерместен жатып, қарызды қайтаратын кез келеді. Бұл бизнесті қолдауға жатпайды.  

Сонымен бірге, нысандардың инфрақұрылым жасауға кеткен қаражатты республикалық бюджеттен бөлуді сұраймыз, себебі жергілікті қазынада ақша жоқ. Мысалы, Сарыбелдегі кәсіпкер әйел Демалыс үйін ашу үшін 3 миллионға тең несие алған, ал онда қажетті коммуникациялар болмай шыққан. Клиенттері де дұрыс емес, қаражат экономикаға жұмыс жасамайды. «БЖК-2020» ережелері бойынша мемлекет нысандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуі керек. Ал әкімдіктерде «Уақытында өтінім беру керек еді!» деп, бизнесмендерді шығарып салады, ал бағдарлама енді іске қосыла бастаған 2011 жылы оларға мұны ешкім түсіндірмеген де.

Сондай-ақ, «БЖК-2020» бойынша қарыздарды гранттарға айналдыруды, мүгедек балалары бар кәсіпкер әйелдерге жеңілдіктер қарастыруды ұсынып отырмыз. Шынын айту керек, аталған бағдарлама бойынша әкімдердің кепілдемелері арқылы ақшаны оңға да, солға да шашқан. Көптеген қарыз алушылар ол қаражатты мақсаты бойынша жұмсамай, қазір қашып жүр. Тек қана Көкпекті ауданы бойынша бұл бағдарлама аясындағы несиелер бойынша қарыз құны 200 млн теңгеге тең. Ал қазір Палатаға келіп жүгінген кәсіпкерлерде перпективті жобалар бар, бірақ оларды қаржыландыратын қаражат жоқ, себебі «БЖК-2020» бойынша олар үшін несиелеу қарастырылмаған.

Көбінесе қандай проблемалармен келіп жүгінеді?

– Ел экономикасын көтеру үшін, кәсіпкерлікті дамыту үшін біз мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс жасауымыз қажет. Бірақ, менің білуімше, олар кәсіпкерлерді ғана емес, Палатаның өзін де елемейтін кездер аз емес. Бизнесмендер болса, бізге көбірек сенім арта бастағаны білінеді. Олар өз проблемаларын айтып бізге келеді. Алғашқы жылы барлық ауылдық округтерге өзім шығатынмын, бірақ қазір Кәсіпкерлер палатасы жанында Іскер әйелдер кеңесі бар, барлық дерлік ауылда кеңестің мықты, сауатты, тез тіл табысқыш өкілдері бар. Дәл солар кәсіпкерлерді семинарларға, заң жобаларын түсіндіруге жинайды, аймақтардағы кәсіпкерлерде туындаған проблемалар туралы маған бірінші келіп айтатын кездер де аз емес.

Біз прокуратурамен, Мемлекеттік істер және жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік департаментімен ынтымақтастық туралы меморандумға отырғанбыз. Олардың араласуы қажет болатын кездер аз емес. Қазір біз семинарлар ұйымдастырып, кәсіпкерлеріміз қорықпай, жемқорлық деректерін Палатамен бірлесе анықтауы үшін бизнесмендерді, мемлекеттік қызметкерлерді Агенттік жұмысымен таныстырамыз. Ай сайын аудан прокурорының қатысуымен Кеңес отырыстары Көкпектінің өзінде ғана емес, өзге ауылдық округтерде де өтеді. Оларға Мемлекеттік кірістер, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаменттердің, әкімдіктердің өкілдіктері қатысады.

Сондай-ақ, ғимараттарды рәсімдеу, инженерлік коммуникацияларға қосуға қатысты проблемалар да аз емес. Өтінімдердің ұзақ уақыт қаралуы, жер актілерін алудағы әуре-сарсаң, бір жер телімін бірнеше адамға үлестіру секілді жерге қатысты мәселелер өте көп. Қазір мен өзім жер мәселелеріне қатысты комиссия құрамына ендім және шенеуніктерден заңды сақтауды талап етемін.

– Басқаша айтқанда, кәсіпкерлер сізді көмекші көре ме әлде ниеттес деп санай ма?

– Біз әр проблеманы жеке-жеке қарастырамыз. Адамдар бізге келіп, еш қысылмастан проблеманың мән-жайын айтады. Кейде бізге қоңырау шалып, «Көмектесіңіздер!» деп жыларман болады. Қажет болса, біз оларға барып, субсидиялар алу мәселелері, мемлекеттік сатып алулар проблемалары, кәсіпкерлік қызметке заңсыз ену және т.б. мәселелер болсын шешуге тырысамыз. Егер филиал өздігінен шеше алмай жатса, онда ШҚО Ксәіпкерлер палатасынанн көмек сұраймыз. Біз келіп жүгінген кәсіпкерге қалай көмек беру керек екенін білеміз.

Біздің филиал құқықтық көмек бойынша мемлекеттік бағдарламалардан бастап, ЭСК алу, мемлекеттік сатып алуларға қатысу және кәсіпорындардың дайын өнімін өткізуге дейін қаржылай емес қызметтердің 8 түрін көрсетеді. Қазір филиалда кәсіпкерлерге тегін бизнес-жоспар жасап беретін  екі штаттан тыс кеңесші жұмыс жасайды.

Біз әлі әлеуметтік жобалармен айналысамыз. Мектеп оқушыларымен форумдар өткіземіз, онда жұмысшы мамандықтардың артықшылықтары туралы әңгімелейміз, жалпыға білім беретін оқу орындарында кәсіптік бағдарлау сыныптарын аштық, жастардың табысты кәсіпкерлермен кездесуін ұйымдастырамыз. Ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке тарту үшін жұмыс жасап, жаңа мини-жобалар ұсынамыз. Аудан тынысы осындай.

– Әлия Орымбекқызы, сіз аса белсенді өмір салтын ұстанасыз. Отбасыңызға уақыт арнайсыз ба?

– Менің отбасым – жұбайым Хасан, тоғызыншы сыныпта оқитын ұлым Шыңғысхан, бізбен бірге тұратын 76 жасар анам Күлән Ғизатовна. Біздің үлкен қызымыз Зухра мен ұлымыз Ренаттың өз отбасылары бар. Біздің бақшамыз бен малымыз бар. Жұбайым – менің бірінші көмекшім, ақылшым. Егер ол мені түсінбесе, жұмысымды жақтырмаса мен жұмыс жасай алмас едім. Анам әлі күнге дейін тігін тігеді, әдемі кестелі бұйымдар тоқиды, бақша өсіруде құнды кеңестерін аямайды. Олармен бірге өмір сүрген жақсы. Отбасым – менің қолдаушым мен тірегім. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер