«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Монополиялар бизнесті жояды!

2015 жылғы 30 Маусым
- Шығыс Қазақстан облысы
12067 просмотров

Шығыс Қазақстан облысында сумен жабдықтау қызметтерінің тарифтерін 100 пайыздан артық көтеру бизнестің тіршілік етуіне қауіп төндіруде

Шығыс Қазақстан облысында 1 маусымнан бастап «Өскемен Су арнасы» көрсететін сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің тарифтері екі еседен артық көбейтілді. Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкийдің айтуынша, «Өскемен мен Семейдегі су арнасы тарифтерінің елден ерек көтерілуі» облыстық Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетке бірнеше мәрте жүгінуге қарамастан орын алып отыр.

Игорь Шацкийдің сөзіне сүйенсек, қолданыстағы сумен жабдықтау тарифі 133,44%-ға анық ұлғайған, су бұру қызметтерінің 147,87% ұлғаюы байқалады. Заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар арасындағы бекітілген тарифтер айырмашылығы 437,8% құрайды. Облыста соңғы 7 жыл ішінде заңды тұлғалар үшін сумен жабдықтау қызметтеріне тарифтің 1293,63%-ға айтарлықтай өскені байқалатыны; су бұру тарифінің 709,33% құрайтыны аталып өтті. Тарифтер өсімі инфлияция деңгейін басып озып отыр (жеті жылдағы инфляцияның жиынтық деңгейі – 40,2 %).

Коммуналдық қызметтер шығыны үлесінің ұлғаюы көптеген шағын бизнес кәсіпорындарының банкроттығына әкелуі мүмкін. Өскемендегі 45 наубайхананың 19-ы ғана алдында өткен тарифтер өсуінен кейін жұмыс жасап тұр. Кір жуу, химиялық тазарту және автожуу орындары таралу шегіне жеткен. Ал заңды тұлғалар үшін тарифтердің көтерілуі кәсіпкерлердің орталық сумен жабдықтау қызметтерінен мүлдем бас тартуына алып келуі де мүмкін.

Өңірлік палата басшысының айтуынша, қалалық су арнасының инвестициялық жобалары бір ғана көз – тарифтерді көтеру есебінен жүзеге асырылады екен. Оның үстіне, тарифте коммуналдық кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақыны екі есе көтеру негізі де жатыр. Бұрындары еңбекақы 10 пайыздан артық көтерілмеген еді.

Игорь Шацкий су арнасы тарифтерінің ұлғаюы басқа да коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне мультипликативтік әсерін тигізеді де, бұл өз кезегінде әлеуметтік тауарлар, қызметтер мен жұмыстар құнының ұлғаюын тудыратынын көрсетті (нан, сүт, шаштараз қызметтері мен басқалары).

Игорь Шацкий пікірінше, бұл жерде монополистердің баға жайлы сөз байласып алуы сөз болып отыр. «Өңірде сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін екі ірі базалық субъект тарифті бір сәтте 2 есеге көтергенде, ал біршама шағын кәсіпорындар тарифтерді бұрынғы деңгейінде сақтап отырғанда – мұны сөз байласудан басқаша бағалай алмаймыз!», - деп есептейді өңірлік Кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Бизнес өкілдері монополия қызметтерінің тарифтерін көтеру мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулардың жария түрде өткізілмеуіне назар аударып отыр. Қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдері оған шақырылмайды.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының басшылығы бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарына сүйене отырып, шұғыл тәртіпте монополияға қарсы шараларды қолдануды ұсынады. Кәсіпкерлер монополистердің инвестициялық бағдарламаларын тек бюджеттік немесе басқа да сырттай капитал салу есебінен орындауды, тарифтерді өзгертусіз қалдыруды талап етеді. Монополист кәсіпорындар жария тыңдаулар өткізілетін орын мен уақыт туралы аз танымал баспа БАҚ-та ұсақ қаріппен басылған хабарландырумен емес, әрбір тұтынушыға жеке хабарламамен жеткізуге тиіс.

Палата өкілдері облыс әкімдігі жанындағы Сараптау кеңестері барысында шығарылған сарапшылар нұсқамаларын орындауға міндетті деп тануды талап етеді (олар қазір нұсқау сипатында ғана). Сонымен қатар монополияға қарсы органдар жұмысына да шағым айтылды. Палата табиғи монополиялар үшін шекті тарифтер бекітілген жағдайда тек инфляция көрсеткіштерінің шегінде ғана болжануға тиіс деп есептейді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер