«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпорындарда тағылымдамадан өту ЖОО студенттеріне де қажет

2016 жылғы 20 Сәуір
- Шығыс Қазақстан облысы
10415 просмотров

Шығыс Қазақстан облысында кадрларды даярлау кезіндегі дуальдық оқыту формасы серпін алып келеді

Бүгінгі күні дуальдық оқытудың жол картасын енгізу аясында 30 колледждің 831 студенті өңірге қажетті мамандық алуда.

«Кадрлар даярлаудың сапасына ықпал ететін оқытудың мұндай формасының ерекшелігі дау тудырмайды – бұл студенттер оқу уақытының көп бөлігін цехтарда және кәсіпорындардың өндірістік учаскелерінде өткізеді, тікелей өндірістік жағдайларда тәлімгердің жетекшілігімен білім алады деген сөз», – деп атап өтті Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Роза Бисекенова.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстың жоғары оқу орындары кадрларды дуальдық оқыту жүйесімен даярлауға көшу бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің тәжірибесін үйренуге дайын.

Айталық, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында Қазақстандағы GIZ өкілдігінің басшысы Йорг Пудельктің, сондай-ақ, GIZ «Дамуға арналған минералдық ресурстар» бағдарламасының атқарушы басшысы, ҚР-дағы дуальдық оқытуды енгізу жөніндегі халықаралық консультант Райнер Гёртцтің қатысуымен «ҚР-дағы дуальдық оқыту: тәжірибесі мен келешегі» атты дөңгелек үстел өтті. Олар жоғары оқу орнының өкілдерімен колледжде, және де ЖОО-да кәсіптік оқытудың дуальдық моделін қолданатын AES/GIZ  пилоттық жобасының тәжірибесін трансляциялау перспективаларымен бөлісті.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындардың қатысуымен кадр даярлауда GIZ өкілдігімен бірлесіп жұмыс істеуде орасан зор тәжірибе жинақтағанын атап айтқан жөн.

«ЖОО-лардың білім беру бағдарламаларында кәсіпорындардағы практикалық сағаттар санын ұлғайту, түлектердің университеттерде оқытылатын маманықтар бойынша жұмысшы біліктілігіне ие болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл үшін колледждердің базасында жұмыс істейтін ресурстық орталықтарды пайдалануға болады», – дейді Роза Бисекенова.

Қазіргі таңда ЖОО мамандары тәлімгерлік жөніндегі оқу бағдарламаларын құрастыруға, семинарларды психологиялық сүйемелдеуге көмек көрсете алатыны анық.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел отырысы барысында ТжКБ түлектерінің профильдік мамандықтар бойынша өңірлік ЖОО-ларға  түсуі мәселесін қарастыру ұсынылды.

«Колледж студенттері соңғы жылында кәсіптік құзыреттіліктерді үйренеді, сондықтан да жалпы білім беретін пәндер бойынша кешенді тестілеуден өту олар үшін қиындау», – деді Роза Бисекенова.

Осыған байланысты ШҚО Кәсіпкерлер палатасы ТжКБ түлектерінің жоғары оқу орындарына түсуі үшін аймақтағы ЖОО-лардың  көмек көрсету формаларын қарастыруды ұсынды.

Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ педагогикалық құрамды өңір кәсіпорындарының базасында тағылымдамадан өткізуде ынтымақтасуды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер