«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шығыстың диқандары экспортқа квота бөлу қағидаларымен танысты

2021 жылғы 16 Тамыз
- Шығыс Қазақстан облысы
8465 просмотров

Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға сандық шектеулерді (квоталар) есептеу және бөлу қағидалары туралы ақпарат берілді. Қазіргі кезде бұл тақырып елімізде қызу талқыланып жатыр.

Осы сандық шектеулерді (квоталарды) есептеу және бөлу қағидалары 2004 жылғы 12 сәуірдегі «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 18-бабы  3-тармағына сәйкес әзірленді және  5 класты жұмсақ бидай және меслин, арпа, күнбағыс күнжарасы/жомы, соя күнжарасы/жомы, рапс күнжарасы/жомы, мақта күнжарасы/жомы, зығыр күнжарасы/жомы, кебек сынды ауыл шаруашылығы өнімдерін қамтиды. Жауапты мемлекеттік орган ретінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті белгіленді. Қазіргі кезде НҚА жобасын бизнес-қауымдастық өкілдері талқылап жатыр.

Квоталар қалай есептеледі және аталған қағидаларды енгізуден қандай нәтиже болатыны жайында ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Асқар Жақыпбаев ақпарат берді. Оның айтуынша, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, елорданың жергілікті атқарушы органдары «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталары, «Қазақстанның Астық одағы» ЗТБ, «Қазақстанның астық өңдеушілер одағы» ЗТБ, «Қазақстанның май өңдеу одағы» қауымдастығы» ЗТБ және майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығымен бірлесіп, ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментіне  тауарлардың әрбір түрі бойынша жекелей өндіріс, тұтынудың жоспарланған көлемі, қор туралы жинақталған ақпаратты ай сайын есептік айдың 3 жұлдызына дейін жіберіп отырады.

Жергілікті атқарушы органдардан алынған ақпаратты негізге ала отырып, Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті ҚР АШМ интернет-ресурсында әр өнім түрі бойынша: бөлуге жататын квота көлемі; бөлуге жататын тауарлар экспортының шекті көлеміне пайыздық қатынаста көрсетілген бір өтінімге лимит (белгіленген кезде) мөлшері;  өтінімдерді қабылдаудың басталу және аяқталу күні мен уақыты; тауарларды әкетуге квота алуға өтінім формасы; жауапты бөлімше қызметкерінің электрондық мекенжайы және байланыс телефоны сынды ақпаратты жариялайды.

 «Шетелге өнім экспорттауға ниетті ауыл шаруашылығын өндірушілер өз тарапынан жауапты бөлімшеге ай сайын өтінім беруге міндеттенеді. Ол үшін ҚР АШМ интернет-ресурсында енгізілетін квоталар көлемі жарияланған күннен бастап күнтізбелік үш күн мерзімі белгіленген. Өтінім құрылған соң 5 күннен кейін департамент сайтта квота алған өтінім берушілердің жиынтық тізбесін жариялайды. Онда тауар атауы, бөлінген квота көлемі, тиелген жүктің орны мен көлемі көрсетіледі», – деп түсіндірді Асқар Жақыпбаев.

 «Атамекен» өкілі Қазақстан аумағынан тауарларды шығару экспортқа рұқсат, ветеринарлық және фитосанитарлық сертификаттар болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын еске салды. Бұл ретте алынған квотадан осы айда экспортқа тиелмеген тауарлардың қалдығы келесі айдың 10 күнтізбелік күні ішінде тиеліп жөнелтілуі мүмкін.

 «Еліміз әлемдік қауымдастыққа біріккен, сондықтан азық-түліктің әлемдік бағасына тәуелдіміз. Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдері нарығындағы орны бөлек. Біз 10 миллион тоннаға дейін бидай сатамыз, күнбағыс та экспортқа көп кетеді және басқа өнімдер бар. Ал кейбір ел мұндай өнімді шығармайды және оны бізден сатып алғысы келеді», – деп атап өтті Асқар Жақыпбаев.

Сарапшының айтуынша, біз ең алдымен ішкі нарықтың қамтылуын ойлауымыз керек, сондықтан квоталарды енгізу елдің азық-түлік қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Осы ретте мемлекеттің экспортқа тыйым салу бойынша қабылдаған шаралары күтілген нәтижелерді әкелмеді, есесіне ауыл шаруашылығы саласына залал келтірді.

«Қарапайым мысал келтірейін. Пандемия кезеңінде экспортқа тыйым салу ішкі нарықтағы бидай мен қарақұмыққа бағаны төмендетпеді. Бұл дақылдар 20-дан астам пайызға қамбаттап кетті. Былтыр сәуір-мамырда қант экспорты қысқарды, ал шектеу алынған соң қант бағасы жоғарылап кетті. Демек ауыл шаруашылығы өнімдеріне экспорттауға тыйым тиісті нәтиже бермеді. Квоталарды енгізу – қисынды шешім. Осылайша мемлекет халықтың мүддесін қорғайды», – деді Асқар Жақыпбаев.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының мамандары осы мәселеде бизнес пен қоғамға бір шешімге келу қажет деп санайды, өйткені қазір бүкіл әлемде азық-түлік дағдарысы сезіледі.

«Бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігін түсінуі керек, шаруа ең алдымен қалтаны толтырып емес, өз халқын тойдыруы тиіс. Ал қоғам бағалардың өсуіне түсіністікпен қарауы керек, ешкім шығынға батып, жұмыс істемейтіні анық. Бағалардың маусымдық құбылуы болатынын, өйткені әр жылда түсім түрлі екенін түсіну керек. Бірақ бәрі де өтпелі: егер картоп жетіспесе – демек бизнес картопты көбірек өсіреді, оны сақтау үшін қойма салады», – деп қорытындылады Асқар Жақыпбаев.

Шығыстың ауыл шаруашылығын өндірушілер сандық шектеулерді (квоталарды) есептеу және бөлу қағидаларымен мына сілтемеден таныса алады https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=10570920, ұсыныстар болса оларды Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жолдай алады, электронды пошта: a.zhakupbayev@atameken.kz. Анықтама ақпарат: 8 (7232) 742-107.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер