«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Абай облысында «Атамекен» ҰКП өкілдігі ашылды

2022 жылғы 25 Маусым
- Шығыс Қазақстан облысы
2827 просмотров

24 маусымда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Райымбек Баталов жергілікті бизнес-қоғамдастықпен диалогта ҰКП-ны трансформациялау бойынша  өзгерістер мен алдағы жоспарлар туралы айтып, бизнестің айтылған барлық ұсынысы мен талап-тілегін тыңдап, бақылауға алды.

Жаңадан құрылған облыстың орталығына «Атамекен» Ұлттық палатасынан келген делегация Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы университеттің алаңында ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев, ШҚО бойынша бизнес-омбудсмен өкілі Әлия Мұқашева және ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі мүшелерінің қатысуымен бизнес субъектілерімен кездесті.

«Абай облысын құру тарихи әрі киелі өлкені дамуына серпін беретін дұрыс шешім. Абай өлкесі бизнесті дамытуға қолайлы өңір деп санаймын. Бизнеспен бұрыннан бері айналысатын азаматтар Семей – әлеуеті зор қуатты қала, жасампаз қала екенін біледі. Жаңа облыстың құрылуы бизнеске жаңа белестер ашып, бизнеспен айналысуға мүмкіндік береді деген сенімдемін», – деп атап өтті Райымбек Баталов.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы «Атамекен» қызметіндегі жаңа тәсілдер туралы айтып, Абай облысының кәсіпкерліктегі үлкен әлеуетін атап өтті. Облыста алдын ала деректер бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындар саны 43,3 мың бірлікті құрайды. Өңірде ірі бизнестің 21 субъекті жұмыс істейді, атап айтқанда өнеркәсіптегі алпауыт Ақтоғай тау-кен байыту комбинаты және Бақыршық алтын өндіру кеніші бар. Сондай-ақ, мұнда машина жасау саласының ірі кәсіпорындары орналасқан: «СемА»" ЖШС (автобустар және арнайы техника), «DaewooBusKazakhstan» ЖШС (автобустар), «Семей машина жасау зауыты» АҚ (техника), «Қазэлектромаш» ЖШС (кабель-өткізгіш өнімдер) және т. б. Сонымен қатар, облыста жеңіл өнеркәсіп саласы жақсы дамыған, ал Алакөл көлінің Абай аумағындағы жағалауы бір маусымда миллионнан астам туристі қабылдай алады.

 «Бұл өлкенің әлеуеті орасан зор, мүмкіндіктері көп. Ең бастысы бәрімізге осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Әсіресе Жаңа Қазақстан қалыптасып, көптеген өзгеріс болып жатқан кезде әрекет ету маңызды.  Қазіргі кезде Ресей мен Украина арасында қиын жағдай орын алды, бірақ Қазақстан бизнесі үшін белгілі бір жаңа мүмкіндіктер ашылды, бизнес-бағыттар кеңеюде. Біз мұны жақсы бағытта пайдаланамыз деп үміттенемін», – деді Райымбек Баталов.

Өз кезегінде кәсіпкерлер өңірдегі бизнестің түйткілді мәселелерін айтты. Атап айтқанда, кәсіпкерлер жергілікті бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысуы, қазіргі геосаяси жағдайдағы логистикалық тізбектердің алшақтығы, қадағалау және фискалдық органдар тарапынан шамадан тыс тексерулер, ірі бизнес санатына өту критерийлерін айқындау, Қазақстанда құрылыс кодексін әзірлеу қажеттілігі, «Ертіс» ӘКК алдындағы борыштық міндеттемелердің кепіліне айналған кредиттік серіктестіктердің қатысушыларымен ахуалды шешу мәселелері алаңдатады. Кездесуде түйткілді мәселелерді Үкімет деңгейіне көтеру туралы шешім қабылданды, ал өңірлік мәселелермен «Атамекеннің» жаңа өкілдігі айналысатын болады.

 Кездесу барысында Өңірлік кеңестің мүшелері облыс кәсіпкерлеріне өңірдің ядролық сынақтарынан зардап шеккен барлық жұмыскеріне экологиялық төлемдерді төлеу қажеттігіне байланысты қосымша жүктеме салынғанын айтты. Бұл жайт елдің басқа өңірлерімен салыстарғанда жергілікті кәсіпкерлерді тең емес жағдайға қойып отыр.

«Әр кәсіпкер өз жұмыскеріне ай сайын 5 мың теңге төлейді, бұдан басқа әр жұмыскерге жыл сайын ақысы төленген 10 күндік экологиялық жұмыс демалысын қамтамасыз етеді. Неге бизнесмен мемлекеттік бағдарламар үшін жауапты болуы керек? Мен 15 мың жұмыс күнін төлеуім керек – бұл жылына 150 млн теңгені құрайды! Бұған қоса мен ай сайын әр жұмыскерге 5 мың теңгеден экологиялық төлем төлеймін», – деді «Автотранс Семей»  ЖШС директоры Григорий Пинчук.

Шығыс кәсіпкерлері бұл мәселені бұрыннан көтеріп келеді, қазіргі кезде мәселе ШҚО прокуроры жанындағы Сарапшылық кеңес қарауына шығарылған. Бұдан басқа ҰКП басшысының Семейге келген күні төлем жасауға қатысты проблема ҚР «Семей ядролық полигоны туралы» заңы бойынша облыстық келісім аясында Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен өткен Бизнестің проблемалық мәселелері жөніндегі кеңесте кәсіпкер Жамал Жақыпова сөз сөйледі. Бұл кеңесте «Атамекен» ҰКП-мен мәселені пысықтау және жұмыс берушілердің пайдасына облыстық келісімге өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Райымбек Баталов бұл мәселе Үкімет деңгейінде талқылаудан өтіп жатқанын, бірақ ол ерекше бақылауға алынатынын атап өтті.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге Съезд өтетін кезеңге дейін Абай облысы кәсіпкерлер палатасының өкілдігін басқаратын директор таныстырылды. Өңірлік палата басшылығына ШҚО кәсіпкерлер палатасы Семей қаласы филиалының экс-директоры Әлия Жүрсімбаева тағайындалды.

 «Атамекен» ҰКП туралы» заңға сәйкес Съезден кейін жаңа Өңірлік палата құрылады. Осы мерзімге дейінгі кезеңде өңірде Ұлттық палатаның өкілдігі жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар біз  сіздерге жақсы таныс Семей қаласы филиалының қазіргі жұмыс істеп тұрған директорының кандидатурасын ұсынғымыз келеді. Кандидат мемлекеттік қызметте еңбек етті және көп жыл бойы ҰКП жүйесінде жұмыс істеді, Семей қаласындағы филиалды басқарды. Меритократия қағидаты бойынша біз Әлия Жүрсімбаеваның кандидатурасын ұсынып отырмыз, облыстар бөлінген сәттен бастап өңірде кәсіпкерлік мәселелері бойынша жұмысты директормен бірге жүргізе аласыз», – деп ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов жаңа өкілдіктің директорын таныстырды.

 Сондай-ақ, өкілдік директоры Райымбек Баталов Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты таныстырды, онда ҰКП делегациясы өңірдегі бизнесті дамыту мақсатындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер