«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Semey Mall» ЖШС-нің проблемасы бір ай ішінде шешілді

2022 жылғы 12 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
6655 просмотров

Семейлік кәсіпорын екі жыл бойы жер учаскесіне жер пайдалану құқығын ала алмаған және жергілікті атқарушы орган тегін беруге уәде еткен жоғары вольтты желі төсеуге 500 млн теңге жұмсады. Сонымен қатар, жылумен жабдықтау жүйесіне қосылуға техникалық шарттарды ұзарту үшін біршама күш жұмсауға тура келді. Қазақстан бизнес-омбудсменінің, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының және прокуратура органдарының араласуының арқасында «Semey Mall» ЖШС-нің екі проблемасы бір айдың ішінде шешілді.

25 мамырда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Семей қаласына жұмыс сапарымен барды, сапар аясында ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің өкілдерімен және кәсіпкерлермен дөңгелек үстел басында кездесті, кездесу барысында шешімі табылмай отырған мәселелер талқыланды.

Аталған іс-шара барысында бизнес-омбудсменге «Semey Mall» ЖШС өкілі Шыңғыс Күсегенов жүгінді, оның айтуынша «Теплокоммунэнерго» МКК техникалық шарттарды ұзартудан заңсыз бас тартып отыр.

Қазіргі уақытта серіктестік «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыруда. Құрылыс мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланбай, жеке инвестициялар есебінен жүргізіліп жатыр.

Жоба Семей қаласының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілген. Алайда оны іске асыру барысында күтпеген жағдайлар туындауда: мысалы, жергілікті атқарушы орган уәде еткен инфрақұрылыммен қамтамасыз етпей отыр.

«Жеткілікті қуаттардың болмауына байланысты олар қаланың сол жақ жағалау бөлігінен жоғары вольтты желіні тартуға мәжбүр болды, бұл жұмысқа кәсіпорын жарты миллиард теңге жұмсады. Бұдан басқа, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосудың техникалық шарттарын ұзартудан бас тартылды, соның салдарынан сауда орталығының құрылысы тоқтатылды», - деп түсіндірді ШҚО бойынша бизнес-омбудсменнің өкілі, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Мұқашева.

Серіктестік «Теплокоммунэнерго» МКК және Семей қаласының әкімдігіне сұраныстар жолдады. Мемлекеттік органдар берген жауаптан бұрын алынған техникалық шарттар қазандықтарды жөндеу, жылу тапшылығы және сол сияқтылар себебінен ұзартылмайтыны белгілі болды, яғни құрылыс жұмыстарын белгіленген уақытта бітіру мүмкін емес, енді жобаны одан әрі іске асыру орынды ма деген сұрақ туындады.

Осыған байланысты, 2022 жылғы 2 маусымда ШҚО Кәсіпкерлер палатасының филиалы Семей қаласының прокуратурасына «Теплокоммунэнерго» МКК іс-әрекетінің заңдылығын тексеруді сұрап хат жолдады. Өз кезегінде прокуратура бұл өтінішті Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ШҚО бойынша департаментіне жолдады.

Департаменттің берген жауабында а.ж. 24 маусымда «Теплокоммунэнерго» МКК техникалық шарттарды әзірледі, ал «Semey Mall» ЖШС оларды алуы қажет делінген.

Бірақ кәсіпорының проблемасы бұл ғана емес, оның басқаруында «Семей цемент зауыты» өндірістік компаниясы бар. Белгілі болғандай, ЖШС екі жыл бойы «Бабеновское» кен орнының жер учаскесіне жер пайдалану құқығын ресімдей алмай келеді, өндіруге арналған келісімшарт және барлық қажетті құжаттар бола тұра әкімдік жер беру туралы қаулы шығарған жоқ.

Бұл мәселе бойынша кәсіпорын басшылығы сотқа жүгінді, алайда бизнес-омбудсменнің сапарынан кейін және ЖАО-мен осы мәселені ашық талқылағаннан кейін талап кері қайтарылды. Іс сотқа дейінгі реттеу тәртібімен шешілді.

«Бүгінгі таңда кәсіпкер жылумен жабдықтау жүйесіне қосылуға техникалық шарттар алды, ал жер қойнауын пайдалану бойынша әкімдік оң қаулы шығарды. Осылайша, «Semey Mall» ЖШС-нің екі проблемасы да бір айдың ішінде сәтті шешілді», - деді Әлия Мұқашева.

Құрметті Шығыс Қазақстан облысының және Абай облысының кәсіпкерлері! Егер сіздің құқығыңызды мемлекеттік органдардың өкілдері бұзса, сіз құқықтық қолдау алу үшін ШҚО Кәсіпкерлер палатасына, «Атамекен» ҰКП-ның Абай облысындағы өкілдігіне, сондай-ақ 8-705-521-66-62 телефоны арқылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің ШҚО бойынша өкіліне тікелей жүгінуге құқылысыз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер