«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкенттің кәсіпкерлері сенатормен бірге білім саласындағы мәселелерді талқылады

2025 жылғы 15 Шілде
- Шымкент қаласы
409 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбаровамен кездесу өтті. Жиынға Палата басшылығы, қалалық мәслихаттың депутаттары, салалық басқармалардың өкілдері, білім беру саласындағы кәсіпкерлер қатысты.

«Құрметті кәсіпкерлер, қазіргі таңда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары ел аралап, халықпен кездесуде. Шымкент қаласына Сенат депутаты Айгүл Қапбарова жұмыс сапарымен келіп, кәсіпкерлермен кездесіп отыр. Осыған орай өздеріңізді мазалаған сұрақтарды қойып, ұсыныстарды айту үшін осы жиынды ұйымдастырып отырмыз», – деген Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова алғысөзді сенаторға ұсынды.

«Бұған дейін Шымкенттегі Қоғамдық кеңес мүшелерімен, қалалық мәслихаттың депутаттарымен кездесу барысында жекеменшік білім беру ұйымдарындағы қаржыландыру мәселесіне қатысты сұрақтар болды. Сондықтан, осы тақырыпқа байланысты өз алдына бөлек кездесудің қажеттілігі туындады. Себебі, жекеменшік мектептер саны көбейіп келеді. Жалпы, жекеменшік білім беру ұйымдарының пайда болуымен үш ауысымда оқыту, апатты мектептерге қатысты біршама мәселе шешімін тапты. Осыған орай сіздердің ұсыныс-сұрақтарыңызды тыңдап, өз құзыреттілігім шеңберінде көтеріп, шешімін табуға атсалысуға дайынмын», – деді сенатор Айгүл Қапбарова.

Жиын барысында білім беру саласындағы кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сұрақтарын қойды.

Мысалы, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының жанындағы Білім салалық кеңесінің төрағасы Диана Қараманова жекеменшік мектептерге бөлінетін жан басына шаққандағы қаржының дер кезінде бөлінбеуі, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың жекеменшік мектептерде оқитын оқушыларына да қаржы бөлу мәселесін көтерді.

Жиында, сонымен қатар, жекеменшік мектептердегі оқушыларды да ыстық тағаммен, тегін оқулықтармен қамтамасыз ету арқылы білім теңдігін сақтау, жекеменшік мектептерде оқитын көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына атаулы әлеуметтік көмек шеңберінде оқу ақысына субсидия қарастыру сияқты мәселелер көтерілді.

Жиында көтерілген қаржыға қатысты сұрақтарға Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілі де өз құзіреті шеңберінде жауап берді. Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова білім саласындағы кәсіпкерлерге барлық ұсыныс пен сұрақтарды жазбаша жинап беруді сұрап, Парламент қабырғасында талқылауға ұсынатынын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер