Павлодарлық көлік жуу орындары 7 жыл ішінде қайталама су айналымы жүйесіне көшуі тиіс.
Бұл норма Қазақстандағы осы қызмет түрін көрсететін барлық кәсіпкерлерге қатысты. Бұл туралы Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі салалық кеңесінің отырысында айтылды.
Аталған кездесуге су пайдаланушы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, көлік жуу орындары мен басқа да компаниялар қатысты. Жиынды «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев жүргізді. Бас тақырып – кәсіпкерлердің су алу және су ресурстарын пайдалану мәселелерін реттейтін ҚР Су кодексінің нормаларын түсіндіру болды.
Ертіс бассейндік инспекциясының су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі басшысы Медет Жадыгерұлының айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сәйкес Павлодар облысында су үнемдеу технологиялары – яғни жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері енгізілген аумақ 80 мың гектарға жеткен. Алайда бассейндік инспекцияда кәсіпкерлер берген ақпарат пен су пайдалануға рұқсат алғандар туралы мәліметтер де бар. Сол есепке сүйенсек, мұндай технологиялар енгізілген нақты аумақ 40 мың гектарды құрайды.
«Яғни ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шамамен жартысы суды рұқсатсыз пайдаланып отыр – бұл заңсыз су пайдалану», – деді Медет Жадыгерұлы.
Автожуу бекеттеріне қатысты ол 10 маусымнан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексі күшіне енгенін еске салды. Енді бұл құжат көлік жуатын кәсіпорындардан қайталама су айналымы жүйесіне көшуді талап етеді. Бұл талап тек мұндай технологияны бұрыннан қолданып жүрген ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға қатысты емес.
«Көлік жуу бекеттері негізінен су арнасынан ауыз суды алады. Бұл кәсіпорындар екі жыл ішінде су үнемдеуге және қайталама су айналымы жүйесін енгізуге көшу жоспарын ұсынуы керек, ал одан кейінгі бес жыл ішінде осы жүйені орнатып бітуі тиіс. Яғни, көлік жуу орындарына бұл жүйеге көшу үшін барлығы жеті жыл уақыт беріледі», – деді Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы.
Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаңа Су кодексіне сәйкес қазірден бастап су үнемдеу технологияларын енгізуге міндетті. Бұл жүйені енгізген шаруалар бассейндік инспекциядан рұқсат алып, заңды түрде жұмыс істеуі қажет. Арнайы су пайдалануға рұқсат алу – тегін мемлекеттік қызмет, оны elicense.kz порталы арқылы алуға болады. Спикердің айтуынша, өтініш 15 күнтізбелік күн ішінде қаралады.
«Әр дақыл түріне су тұтынудың нақты нормасы бекітілген. Шаруа қожалығы басшылары осы нормаларға сүйене отырып, маусымға қажет су көлемін есептеп, портал арқылы өтініш берулері қажет», – деп толықтырды Медет Жадыгерұлы.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қатысты бұл талаптар 2003 жылдан бері қолданыста бар, ал 2025 жылдан бастап бұл ереже көлік жуу орындарына қатысты енгізіледі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: