«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өндіріс, агро және туризм: «Атамекен» ҰКП-ның Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданындағы кәсіпкерлік маршруты

2026 жылғы 12 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
1006 просмотров

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келіп, Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданының кәсіпкерлік әлеуетімен танысты. Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловпен және Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Бану Тлегеновамен бірге өнеркәсіп, қызмет көрсету, денсаулық сақтау, туризм және агробизнес салаларында жобаларды іске асырып отырған бірқатар маңызды нысандарды аралады.
Ақтөбе қаласында керамогранит пен керамикалық плитка өндіру бойынша Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың бірі — «Зерде-Керамика» ЖШС-нің қызметімен танысты. Зауыт индустриялық аймақтың резиденті болып табылады және өндірістік үдерістердің жоғары деңгейде автоматтандырылғанын әрі цифрландырылғанын көрсетіп отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 5 млн шаршы метрге дейін жетеді, пайдаланылатын шикізаттың 70%-ға жуығы — жергілікті өнім. Өнім ТМД елдеріне экспортталып, ішкі нарықта да сатылуда.

Сондай-ақ Мәртөк ауданында орналасқан, бірақ Ақтөбе, Алматы және Қостанай қалаларында филиалдары бар өңірдегі ең сұранысқа ие сауықтыру орталықтарының бірі — «Зару» пантотерапия санаторий-пантошипажайын аралады. Мекеме пантотерапияға маманданған, Қазақстан мен Ресейдің түкпір-түкпірінен келетін емделушілерді қабылдайды және 2025 жылғы желтоқсанда «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» Президенттік сыйлығының лауреаты атанды.

Бұдан бөлек, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық бағытында қызмет көрсететін отандық компания — «Гигиенист-VII» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Компанияның өз аккредиттелген зертханасы бар, Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында филиалдары жұмыс істейді, сондай-ақ «Даму» қорының құралдарын қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдаланады.

Мәртөк ауданында сапар қатысушылары 2023 жылы гидропоника әдісімен көкөніс өсіруге арналған жылыжай іске қосылған «Агро Групп» СПК-на барды. 2026 жылы кәсіпорын өндірісті әртараптандырып, аймақ үшін тың әрі перспективалы бағыт саналатын банан өсіру жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Тағы бір нысан — металл есіктерін өндіру жолға қойылған «Сапахов Амир» ЖК-нің өндірістік цехы болды. Бизнес жеке қаражат есебінен ашылып, 10 жұмыс орны құрылған, өнім онлайн-платформалар арқылы сатылады. Кәсіпкер ассортиментті кеңейтуді жоспарлап, қосымша қаржыландыруға мұқтаж.

Кездесулер барысында Гүлнар Бижанова «Іскер аймақ» бағдарламасының мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталып, оның өндірістік бизнес пен аудандардағы кәсіпкерлікті дамытудағы маңызын атап өтті. Бизнес өкілдеріне қолжетімді қолдау шаралары мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан жобаларды әрі қарай сүйемелдеу мәселелері бойынша түсіндірмелер берілді.

Қорытындысында Ақтөбе облысының кәсіпкерлері жоғары деңгейдегі бастамашылдығымен ерекшеленетіні атап өтілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174